Алматы қалалық Полиция департаментінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті нығайтуға арналған кеңес өтті. Іс-шараға әкімшілік полиция қызметкерлері, автопарктердің өкілдері, қоғам белсенділері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан орын алып жатқан құқықбұзушылықтарды талдау, сондай-ақ оларды болдырмау үшін мүдделі тараптардың өзара әрекеттесу жолдарын қарастыру болды. Көлік тәртібін сақтау, техникалық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету және жүргізушілердің кәсіби даярлығын арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев өз сөзінде жолаушылар тасымалындағы қауіпсіздік – тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде автокәсіпорындар мен көлік жүргізушілерінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта еліміз бойынша «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – жол қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан заң бұзушылықтарға жол бермеу. Тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің ортақ міндетіміз. Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы мен тәртіпті ұстану арқылы ғана қала тұрғындарының сенімін ақтап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады», – деді ол.
Кеңес барысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасалды. Статистикалық деректерге сәйкес, жарақат алғандар саны артқаны байқалды. Бұл өз кезегінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамауымен, көлік құралдарының техникалық жағдайының талапқа сай болмауымен байланысты екені атап өтілді.
Профилактикалық шаралар барысында жүргізушілер тарапынан орын алған бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, рөлде отырып ұялы телефон қолдану, белгіленген жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты ережебұзушылықтар тіркелген. Сонымен қатар, техникалық ақауы бар автобустардың рейске шығарылғаны да белгілі болды. Мұндай көліктердің пайдаланылуы жолаушылардың өміріне қауіп төндіретіні даусыз.
Жиын барысында автокәсіпорындар мен тасымалдаушылардың жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды. Көлік жүргізушілерін сапалы даярлау, олардың кәсіби деңгейін арттыру, рейс алдындағы міндетті нұсқамалар мен медициналық тексерістердің уақытылы өтуі — негізгі талаптар қатарында қаралды. Бұл талаптардың сақталмауы қоғамдық көлікте жол апаттарының жиілеуіне себеп болады.
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты жолаушылар ағыны күрт артатын кезеңде жол қауіпсіздігін сақтау одан сайын маңызды болмақ. Осыған байланысты кеңеске қатысушылар қоғамдық көлік жүргізушілері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, профилактикалық рейдтер өткізу және көлік құралдарының техникалық жағдайына тұрақты бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.
Тараптар жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті нығайту үшін өзара іс-қимылды жандандыруға, бірлескен шараларды жүйелі түрде өткізуге келісті. Сонымен бірге, жол қозғалысына қатысушылар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы да кеңінен талқыланды.
Кеңес қорытындысында полиция өкілдері, автопарк басшылары және сарапшылар Алматы қаласында қоғамдық көлік қызметін одан әрі қауіпсіз әрі сапалы ету үшін ортақ қадамдар жасауға уағдаласты. Жолаушылар тасымалы — күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болғандықтан, оның қауіпсіздігіне барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет деген ортақ пікірге келді.