Бекітілген іріктеу тәртібіне сәйкес келесі кезеңге ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген 300 кандидат жіберіледі: «Экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша – 42 кандидаттан артық емес; «Сыртқы саясат және инвестициялар», «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» – бағыттардың әрқайсысы бойынша 48 кандидаттан артық емес; «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау», «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам», «Цифрландыру» –бағыттардың әрқайсысы бойынша 54 кандидаттан артық емес. Бірнеше қатысушының нәтижелері тең болған жағдайда, жіберілетін кандидаттар саны ұлғаюы мүмкін.
Осылайша, «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне қатысқан 679 кандидаттың ішінен «Ассессмент-орталығы» құзыреттерін бағалаудың бірінші блогына 309 кандидат жіберілді. Келесі кезеңге өткен тұлғалардың толық тізімі жобаның ресми сайтында pkrezerv.gov.kz орналастырылған.
Салалық бағыттар бойынша өту балы келесідей белгіленді:
- «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» – 3,58 балл;
- «Сыртқы саясат және инвестициялар» – 3,75балл;
- «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» – 3,92 балл;
- «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» – 3,75 балл;
- «Цифрландыру» – 3,67 балл;
- «Экономикалық және қаржылық саясат» – 3,92 балл.
Құзыреттерді бағалаудың бірінші блогы «Ассессмент-орталығы» 2025 жылғы 22-26 тамыз аралығында Астана қ. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында өтеді. Аталған кезең кандидаттардың белгілі бір құзыреттерін мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы айқындауға және бағалауға бағытталған.
Құзыреттерді бағалаудың бірінші блогына жіберілген барлық кандидаттар 2025 жылғы 21 тамызда сағат 23:59-ға дейін (Астана қ. уақыты бойынша) өздерінің жеке кабинеттерінде кезеңнен өту күні мен уақытын таңдап алуы қажет.