Еңбекке берілген өмір: Дархан Қайыповтың ел алдындағы елеулі жолы

Еңбекке берілген өмір: Дархан Қайыповтың ел алдындағы елеулі жолы

2025 жыл — Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы ретінде жарияланып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген сала мамандарына ерекше назар аударылуда. Солардың қатарында ұзақ жылдар бойы көлік саласында тынымсыз еңбек етіп, отандық автокөлік жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат — Дархан Қалмұратұлы Қайыпов бар.

Дархан Қалмұратұлы жақында мемлекет тарапынан берілетін жоғары марапаттардың бірі — «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат — оның жарты ғасырлық еңбек жолына, кәсіби адалдығына және қоғамға сіңірген еңбегіне деген зор құрметтің белгісі. Өз саласына шын берілген тұлға ретінде танылған ол бүгінгі күні де жастарға үлгі боларлық өмір жолын жалғастыруда.

1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген Дархан Қалмұратұлы Қазақ химия-технологиялық институтын және Өскемен құрылыс-жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі 49 жылға жеткен азаматтың 44 жылы көлік саласына арналды. Ол түрлі өндірістік және әкімшілік қызметтерде, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарда белсенді еңбек етті.

Дархан Қайыповтың еңбек жолы әртүрлі салалармен тығыз байланысты болды: монтаж жұмыстарынан бастап, аудандық комсомол комитетіндегі қоғамдық қызметке дейін, одан кейін облыстық жолаушылар тасымалы басқармасындағы инженерлік және басшылық лауазымдарға дейінгі қызметтері оның жан-жақты тәжірибеге ие маман екенін дәлелдейді. 2009 жылдан бері «ЮЖАВТОТРАНС» қауымдастығының төрағасы ретінде көлік саласындағы ірі жобаларды үйлестіруге, инфрақұрылымды жетілдіруге және салалық саясатты дамытуға белсене атсалысып келеді.

Бұған дейін де Дархан Қалмұратұлы бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болған: «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «25 жыл» медальдары, «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ «Құрметті автокөлікші» төсбелгісі. Бұл марапаттар — ел алдындағы еңбектің нәтижесі.

Көлік саласында еңбек ету — бұл тек техникалық жұмыстармен шектелмейді, бұл – адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, жауапкершілігі мол сала. Дархан Қайыпов осы жауапкершілікті әрдайым терең сезініп, адал еңбек етіп келеді. Оның кәсіби тәжірибесі, басқару қабілеті және саланың дамуына қосқан үлесі көпшіліктің құрметіне лайық.

Дархан Қалмұратұлы сынды еңбек майталмандары — қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған шынайы тұлғалар. Олардың табанды еңбегі — ел дамуының іргетасы. «Құрмет» орденінің иегері атануы — бұл жеке жетістік қана емес, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын мойындаудың айқын көрінісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ