Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов сот орындаушылары талап еткен Ж.Мамайға қатысты заңды шектеулер бойынша пікір білдіріп, жазбасын жариялады.
«Сот орындаушылары талап еткен Ж.Мамайға қатысты заңды шектеулер соттың күшіне енген шешімін 3 ай уақыт өтсе де Мамай әлі күнге дейін оны орындамағанына орай болып отыр», - деді ол өзінің Ғacebook парақшасында.
Бұл туралы пікірін ол былай деп тарқатқан.
«Сот орындаушысының Ж.Мамайдың сот шешімін орындамағаны үшін оның көлік жүргізу құқығына уақытша шектеу қою туралы ұсынысы толықтай заң талабына сәйкес.
Сайып келгенде сот шешімін орындау – әр азаматтың міндеті!
Әрине, сот шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес азаматтар ондай шешімдерді жоғары тұрған соттарда қайта қаралуы үшін шағым бере алады.
Шамасы, Мамай өзін Жоғарғы Сотта не күтіп тұрғанын білсе керек. Себебі оның барлық дәлелдері – бірде-бір саналы журналист пайдаланбайтын интернеттен алынған қауесеттер мен алып-қашпа сөздер ғана. Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінде де Мамай қуанарлықтай жағдай күтіп тұрған жоқ сірә. Еуропалық заңгерлер Мамайдың анонимді телеграмм арналарынан көшіріп алған дәлелсымақ материалдарын қарауға қабылдауы екіталай», - делінген Майгельдинов жазбасында.
Сондай-ақ ол құықтық тұрғыда сауатсыздық танытқан Мамайдың айтып жүргендері нонсенс деді.
«Жалпы, Ж.Мамайға да, оның адвокаты Е.Қалиевке де айтарым: көпшілікке жалған ақпарат таратып, елді бекерге адастырмай, заңды оқуға кеңес беремін. Құқықтық сауаттылығы жоқ бола тұра, айналасындағыларды хайп үшін сынап, өзінше бір пайым жасау барып тұрған нонсенс», - деп Қазбек Майгельдинов өз жазбасын қысқа да нұсқа түйіндеген.