Негізгі басым бағыты аграрлы сала саналатын Шардара ауданында ауыл шаруашылығының өнім көлемі 45 млрд 772,7 млн теңгеге артқан. Бұл жергілікті атқарушы органдардың дихандармен бірлесе атқарған жұмыстарының жемісі. Мұндай ілкімді істер ауданда биылғы жылы да жалғасын тауып келеді. Бұл туралы Ontustik TV арнасы хабарлады.
Өткен жылы Шардара ауданының дихандары бидай, арпа, картоп, көкөніс, бақша, жоңышқа, мақсары мен маш, күріш пен мақта сынды ауыл шаруашылығы дақылдарынан 35 млрд 785,9 млн теңгенің өнімін өндірген. Өнім көлемін арттыруда үлкен маңызға ие ағын су мен минералды тыңайтқыштардың дер кезінде жеткізілуін жергілікті атқарушы орган да оң шеше білді. Тиісті сала мамандарының айтуынша бүгінде ауданда ағын су жеткілікті. Табиғи жағдайға байланысты бірнеше күн толассыз жауған жаңбыр ағын судың тиісті деңгейіне жетуіне оң әсер еткен.
Қабланбек Жұмабек – «Пернебай и К» шаруа қожалығының төрағасы
«Барлық ауыл округтерімен өзі байланысып отырамыз шаруалармен, шаруалардың бәрі разы болып отыр судың қазір мөлшері көп әлі. Мінекей, өзі табиғаттың да, ауа-райының да құбылысы суды да Алла жауынмен беріп жатыр. Мына жақтан да судың мөлшері да су қоймамызда көбейіп, шаруалар қазір суға қанағаттандырылып жатыр».
Сонымен қатар, күзгі жиын-терім дала жұмыстарына Үкімет тарапынан берілетін жанар жағармай алушы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілернің тізімі жасақталып, тасымалдаушы операторлар анықталған. Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан босатылған 4030 тонна жанар жағармайды шаруалардың сұранысына сай «Қазроснефть», «Майсс» және «НурасуЮг» ЖШС арқылы 1 литрі 169 теңгеден тасымалданған. Шаруаларға қажетті мөлшердегі жанар жағармай мен минералды тыңайтқыштарды дер кезінде жеткізіп беру ісі биылғы жылы ерете жоспарланып, аудан басшысының қатаң бақылауына алынған.
Абылай Маканов – Шардара аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары
«Биыл да мысалы жанар жағар май бойынша екі оператор бар ауданда – «Майс» және «КазРосНефт» деген. Екеуі бүгінгі күнге дейін 182 тонна шаруалардың сұранысына сәйкес әкеліп, тасымалданды. Енді сұраныс болса олар әкеліп береді. Биыл біз февраль айынан бастап июнь айына дейін ол жалғасатын болады.
Шардаралық шаруалар өткен жылы орын алған қуаңшылыққа қарамай 342,6 мың тонна мал азығын дайындаған. Ішкі қажеттіліктен артылған 50 мың тоннадан астам жоңышқа мен табиғи дала шөбі көршілес Мақтарал, Жетісай, Келес, Арыс, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласының шаруаларына делдалсыз өзара келісіммен сатқан. Ауа-райының қолайсыздығы мен жауын-шашынның аз болуы салдарынан зардап шеккен Батыс өңіріне де шардаралық шаруалар 3,5 мың тонна мал азығын тегін жөнелткен.