Қазір қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі - Қошқар ата өзенінің жағалауы абаттандырылуда. Бүгін қала әкімі М. Әйтенов 1,8 шақырымды құрайтын аумақта атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарын тексерді.
Нысан құрылысын «Стронг Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Жобаға сәйкес абаттандыру аймағында қоршаулар озық үлгіде жаңаланып, күркелер мен әткеншектер және балалар ойын алаңшалары салынады. Осылайша демалушыларға заманауи талапқа сай қолайлы жағдайлар жасалады.
М. Дүйсенбекұлы аумақтағы жарықтандыру жүйелерін демалушылар үшін ыңғайлы етіп, қоқыс жәшіктерін ұлғайту қажеттігін ескертті. Тұрғындарға қосымша бассейн орнату бойынша тапсырма берді. Абаттандыру жұмыстары өндірістік кестеге сай биыл қазан айында аяқталады.
Қазір Тұран-2 елдімекенінде 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз және электр жүйесі тартылған болатын. Қазір мұнда ішкі орамды тегістеу, абаттандыру, аяқжол және асфальт төсеу жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар шағын ауданның 25,26 орамдарына инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Нысандарды толық қолданысқа беру биыл екінші жартыжылдыққа жоспарланған.
Қала әкімінің 2020-2023 жылдарға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес 262 аула көріктендіріліп, 40 спорт алаңшасы салынды. Биылғы жоспарға сәйкес 39 аула мен 2 спорт алаңшасы абаттандырылады. Алдағы жылы 41 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Аудан бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру 2025 жылы толық аяқталады.
Екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көпқабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып келеді. Яғни 2021 жылы 41 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылса, 2022 жылы 75 көпқабатты үйдің ауласы көріктендіріліп, 11 кешенді балалар ойын алаңшалары салынды. Сондай-ақ, биыл 35 көпқабатты үй ауласы және 4 кешенді балалар ойын алаңшаларын құруға қаржы қаралып, абаттандыру жұмыстары басталды.