Жаз бойы мегаполис аумағында «Қауіпсіз жаз» атты кең ауқымды насихаттау акциясы өткізіледі, деп хабарлайды Шымкент қаласының ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған no-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Жаз – балалар үшін сауық — сайран мен жайбарақаттық кезең. Ал ата — аналар өте мұқият болуы керек, себебі демалыс орындарында түрлі қауіптер болуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерімен таныс болған жөн.
Осыған орай Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырды.
ТЖ қызметкерлері акция аясында шомылуға тыйым салынған жерлерді бақылауына алады.
Шаһарда шомылуға арналған ресми орындар белгіленіп қойды. Ол Қошқар ата өзенінің сағасы, Тоғыс су қоймасындағы «Тоңазытқыш» демалыс аймағы және Бадам су қоймасындағы «Рахат — Бадам» демалыс аймағы.
Жаз бойы мобильді топтар суға түсуге болмайтын орындарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ жадынамалар таратады.
Акцияға полиция департаментінің өкілдері, «Лидер.кз» еріктілері, жедел — құтқару жасағының өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен құтқарушылар, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары да жұмылдырылады.
Іс-шараның алғашқы күні мобильді топтар Қаратау ауданындағы қараусыз қалған карьер, Қошқар ата өзені, Бадам және Сайрамсу өзендерінің бойындағы жабдықталмаған учаскелерді шолып шықпақ.
Өз кезегінде қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталып отыр. ТЖ департаментінің дерегінше екі айда төрт жазатайым оқиға орын алып, 1 ересек адам мен кәмелетке толмаған үш бала суға батып кеткен.
Шомылу маусымында департаменттің 55 құтқарушысы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.