Биыл Созақ ауданының мектеп бітіруші түлектері ерекше бастаманы қолға алды. Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер, Құран Кәрім оқудан облыстық жарыс өткізді. Орталық мешітте өткен жарысты ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов жүргізіп отырды. Жарыс шымылдығын Түркістан облысының наиб имам
Қашқынбаев Бекжан Бердібайұлы ашып, жылы лебізін
білдірді.
Өз сөзінде бас имам, Құран Кәрімнің қасиетіне тоқталып, ұйымдастырушы түлектерге ризашылығын жеткізді. Облыстың аудандарынан келген қатысушы қариларға сәттілік тіледі.
Жалпы, құран сайысына 20 қари қатысты. Оған білікті имамдар төрағалық етті. Үміткерлер күні бойы әуезді даусымен көпшіліктің құлағын құран үнімен тербеді. Тартысты өткен сайыста бас жүлде 150 000 теңгені созақтық қари Абай Шыңғысұлы жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ Кентау қаласынан келген Нұрлаев Есен екінші орын алып 100000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Үшінші орын тағы бір кентаулық қари Әбдіахмет Дінмұхаммед 50 000 теңге сыйақы тағайындалып, оның жеңімпазы болды. Қатысушы барлық қариларға ақшалай сыйлық берілді.
Құран Кәрімнен өткен жарысты ұйымдастырушы, Асқар Сүлейменов жалпы орта мектебінің түлегі Біржан Жұмабаев: - Қасиетті құран кәрімнен жарыс өткізіп, Алла жолында жақсы бір іс істедік деген ойдамын. Алдағы уақытта бұл істі өзге азаматтар жалғап кетсе құба –құп,- дейді.
Ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов, ерекше іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар Асқар Сүлейменов мектебінің түлектері өздері оқыған мектепке кіре беріс қақпа орнатып берді. Білім ордасының әрін ашып тұрған қақпаға мектеп ұжымы үлкен ризашылығын білдірді. Наурыз айында кіші футболдан аудандық жарыс өткізіп, спортсүйір қауымның алғысын алған болатын.