Өткен аптада 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты барлық ауылдық округ, кенттерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай Жаскешу ауылына қарасты С.Сейфулин мектебінің алаңында өтіп, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагері ашылды. Оған Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысып, оқушыларды төл мерекелерімен құттықтады.
– Бала – адам өмірінің жалғасы, артында із қалдыратын ұрпағы. Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Осы ретте қазақ даласының әр баласына білім мен өнегелі тәрбие беруге бірігіп атсалысуымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шара барысында келген қонақтарға балалардың өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдары мен суреттерінің көрмесі қойылып, «Жас құтқарушы», «Жас турист» бұрыштары ұсынылды. Эстафета ойындарына ұласты.
Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында аз қамтамасыз етілген отбасын шыққан және қамқорлықтағы 1700-ден астам оқушы қала сыртындағы лагерлерде 100 пайыз тегін демалатын болады. Бұдан бөлек 9 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерлермен қамтылса, 4 мыңнан астам оқушыны кәсіпорын ұйымдары, мекеме басшылары, демеушілер және ата-аналар есебінен аудан, облыс, республика көлемінде орналасқан сауықтыру орындарына жіберу жоспарланып отыр.