ҚАЗЫҒҰРТ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

ҚАЗЫҒҰРТ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Қазығұрт ауданынында 700-ге жуық тұрғынға кезек бойынша үй салуға жер телімі беріледі. Қазіргі таңда жоспарлау, инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Кездесуде облыс әкімі өңірді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Өздеріңізбен еркін пікір алмасуға келіп тұрмын. Мақсат – елдегі саяси реформаларды түсіндіріп, облыста атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат беру, тұрғындардың өтініштерін тыңдау. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай осындай кездесулерден кейін тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері де негізге алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Өздеріңіз білетіндей, саяси өзгерістерге жол бастайтын референдум өтеді. Соған белсенді қатысуға шақырамын. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүруде. Үйлердің 90 пайызына газ кірді, ағын су және ауыз су мәселесі шешілді. Қала бірнеше бағытта дамып жатыр. Облыстың аудан, қалаларын өркендету назарда тұр. Ең бірінші мәселе – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Біз әр ауданнан жастарды бейімдеп, кәсіпкерлер шығаруымыз керек, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар үй салуға жер учаскесін беру, Алтынтөбе ауылдық округіндегі жер дауы, Шанақтағы жол мәселесі, Үшбұлақтағы ауыз су мәселесі, Қақпақ ауылындағы жол мәселесі, Қазығұрт ауылындағы ауыз су сапасын жақсарту мәселесін және өзге де өтініштер мен ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы Қазығұрт ауылында 700-ге жуық жер учаскесі берілетінін, Алтынтөбедегі жер дауы да шешіліп, тұрғындарға өз жер телімдері қайтарылатынын, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Шанақтағы жол мен Үшбұлақтағы ауыз су түйткілі де шешімін табады. Кездесуден кейін облыс әкімі бірнеше тұрғынды жеке мәселесі бойынша қабылдады.
2021 жылы Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі – 12,6 млрд. теңгені, инвестиция көлемі – 18,4 млрд. теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10,4 млрд. теңгені құрады. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 170 гектар жерде 122 жоба іске асырылып, бірінші өнім жинау күтілуде. Былтыр 25 808 шаршы метр тұрғын үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 8 елді мекенде 26 жоба іске асырылды. Талдыбұлақ елді мекені табиғи газбен қамтылды және Қазығұрт ауылындағы «Шығыс» мөлтек ауданына баратын табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізілді. Жаңабазар елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, Заңғар, Сырлысай, Қарабастау, Тілектес елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылған. Жаңабазар, Қаржан елді мекендерінде 40,5 шақырымды құрайтын 20 көшеге асфальт төселген. Үш мектеп пайдалануға тапсырылды.
Қазығұрттағы іссапарында өңір басшысы ауданда ұйымдастырылған жергілікті тауарөндірушілердің көрмесін тамашалады. Ауыл шаруалары көкөніс, жеміс-жидек, сары май, қымыз және өзге де ауыл шаруашылығы тауарларын нарыққа шығарып отыр. Сонымен бірге «Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант алып, бал, тәттілер өндіріп, аяқ киім, көрпе-төсек, сувенир, астау шығаратын кәсіпкерлер де бар. Облыс әкімі жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Мемлекеттің дамуы шағын кәсіпкерлікке байланысты екенін, осы салаға басымдық беріліп жатқанын жеткізді. Ерте пісетін көкөніс өсіруге ден қоюға шақырды. Ө.Шөкеев жаңадан ашылған ет комбинаты мен мал сою және өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. Ет экспортын көбейту қажеттігін айтты. Шаруалар мен кәсіпкерлер гранттарды көбейту, субсидия және өзге де мәселелерді көтерді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...