Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан 1,1 шақырымды құрайтын Өркен көшесіне асфальт төсеу жұмыстары барысымен танысып қайтты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сонымен қатар, биыл Жібек жолы ауылдық округінде Әжібеков, Ынтымақ, Абай және Кемпіреков көшелеріне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тамыз айының соңына дейін толығымен пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Нысан құрылысымен танысқан аудан басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге және тиісті бөлім басшыларына мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақтылы игерілуін, әлеуметтік нысандарда істеліп жатқан жұмыстардың сапалы болуын және белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін тапсырды.
Айта кетсек, биыл аудан бойынша жалпы 96 көшенің 112 шақырымы жөнделетін болса, оның ішінде 69 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары, ал 43 шақырымына тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, «Ауыл— Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылжар және Жібек жолы ауылдық округтерінде жалпы 16 көшенің 17,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал облыстық бюджет есебінен 20 көшенің 11,8 шақырымына және жергілікті бюджет есебінен 60 көшенің 83 шақырымына орташа және ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2021 жылмен салыстырғанда 7,3% артып, 2022 жылы 60,3%-ға ұлғаятын болады.