«Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауына орай 42,9 млрд. теңге қаржы қарастыра отырып, 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.
Биыл қаламызда 143 балалар ойын алаңшасы, 33 спорт алаңшасы, 16 мектеп, 1 оқушылар сарайы мен №2 балалар саз мектебі іске қосылады.
2021-2022 оқу жылында қаламыздың бес жүзден астам оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Ең алдымен шымкенттік ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін"-деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Балалар жылы аясында олардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ететін, жақсы білім алуына мүмкіндік беретін қандай іс-шаралар жүзеге асады? Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай жеңілдіктер қарастырылады? Ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу үшін қандай бағдарламалар әзірленеді? Жалпы балалардың игілігі үшін қандай жұмыстар қолға алынатыны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.
Биыл Жаңа жыл қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылады.
Сол кезде Мемлекет басшысы: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деген еді.
Шымкент қаласында балалар күні жоғарғы деңгейде өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz ақпараттық агенттігі.