Шымкентте жылыжай кәсібі дамуда, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
Шымкент қаласында қазір 204 га болған 113 жылыжай кешені орналасқан. Оның ішінде аумағы 71 га құрайтын 23 өнеркәсіптік жылыжайда ауылшаруашылық өнімдері өсірілуде. Бұл жылыжайларда жылына 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, көрші елдерге экспорт жасалады.
Бүгінде қала тұрғындарына балғын көкөніс жеткізіп отырған кешеннің бірі – Бозарық тұрғын алабында орналасқан «Зауре» жылыжайы. Аумағы 3 гектарлы өндірістік жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылған.
Жылыжай «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» және тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қолдау алғаннан кейін көкөніс өндіру ісі өркендеді.
Туркияның алдынғы қатарлы технологиясымен жабдықталды. Жылына 600 тонна өнім өндіріліп отырған агрокешенде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылып, қызанақтың органза, мэрлис және тарелино түрлері өсіріліп жатыр. Өнімдер қала нарығы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне саудаланады.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары А.Жанбатыров осы жылы егіс көлемін 29,8 мың гектарға жеткізу жоспарланып, егіс көлемінен 90,1 мың тонна өнім алу көзделгенін атап өтті. Еске салсақ, былтыр 29,3 мың гектарға түрлі дақыл егіліп, 85,4 мың тонна өнім жиналған болатын. «2022 жылы көктемде қала бойынша 2,5 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егіледі. Сонымен қатар, 10,4 мың га күздік дәнді дақылдар алқабының егісі барын ескерсек, жалпы дәнді дақылдар егісі 13 мың га алқапты құрайтын болады. Бұл жалпы егістік құрылымының 43,6% құрайды. Қалада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астық тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де тұқымның жалпы 107,7 тонна қоры бар»,-деді сала маманы.