Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдау өткізді. Қабылдауға 40-қа жуық азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Тұрғындар негізінен тұрғын үй кезегі, тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау, қайтарымсыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаттары, жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысты талап-тілектерін жеткізді.
Мамандар тұрғындардың жалпы өтініштерін мұқият тыңдап, баспанаға қатысты туындаған барлық мәселелер заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті.
2022 жылы кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі қарастырылған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша Шымкент қаласында 1000-нан аса кезектегі азаматтардың өтінімі мақұлданданды.
Отбасы банкінде «2-10-20 Бақытты отбасы» арқылы тұрмысы төмен отбасыларға - жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Шымкент қаласында 2022 жыл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты шеңберінде 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.
Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы отбасылар, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады, деп хабарлайды Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
Өткен 2021 жылы «Бақытты отбасы» бағыты арқылы бөлінген лимитке сәйкес 363 отбасы несиелік баспанамен қамтылды. Оның ішінде көпбалалы –173, толық емес –30, мүгедек бала асыраушы –160 отбасы бар.