Бүгін Сарыағаш ауданы әкімі Мұхит Отаршиев Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Өздеріңізбен еркін пікір алмасуға келіп тұрмын. Мақсат – елдегі саяси реформаларды түсіндіріп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат беріп, тұрғындардың өтініштерін тыңдау. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай осындай кездесулерден кейін тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері де негізге алынып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінде ауданымызды дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүруде. Атап айтсақ, біршама ауылдарға газ беріліп, ауыл көшелерінің жолдары жөнделді. Ауданның дамуы біздің жетістігіміз болса, ал тұрғындардың денсаулығы біздің басты байлығымыз. Қазіргі таңда кейбір өңірлерде індеттің белең алуына байланысты, бізді тұрғындардың денсаулығы алаңдатуда. Соған сәйкес, сақтық шараларын, атап айтсақ вакцинациялау шараларын уақытында жүргізу қажет , – деді аудан басшысы.
Кездесуде тұрғындар мектепке қосымша ғимарат салу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, жолдарға асфальт салу, қоқысты кестеге сәйкес жинау, ауылшаруашылығын дамыту бағытында жеңілдетілген несие алу, көшелерді жарықтандыру мәселері туралы өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Аудан тұрғындарының біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру мәселесі де алдағы уақытта шешімін табатын болады. Бұл жөнінде аудан басшысы Қызылжар елді мекенінде тұрғын үй учаскелерін салу үшін 57 га жер бөлініп шешім шығаруға аудандық мәслихатқа ұсынылғанын, мәслихат сессиясы мақұлдаған соң, аталған жерге инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін құжаттары дайындалатынын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан басшысы ағымдағы жылы Қызылжарда 13 көше жөнделіп жатқандығын жеткізді. Бүгінгі таңға дейін оның 5 көшесінің жолына асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары аяқталған. Жиын соңында аудан басшысы аталған көшелерге арнайы барып, асфальт төсеу жұмыстарымен танысатынын жекізді.
Кездесу қорытындысымен аудан басшысы бірінші кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің мәселелерін мемлекеттік бағдарламалар және жергілікті бюджет арқылы тиімді жүзеге асырылып жатқандығын және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатындығын атап өтті.