Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағынауданында орналасқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен танысты. Шаһар басшысы Қарнақ көшесінде орналасқан ойын алаңшасында болды. Бұл жердегі балалар алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың ұсынысымен салынуда.
Алаңды абаттандыру жұмысы мамырдың соңында басталған болатын. Қазір ойын елементтерін орналастыру жұмысы жүргізілуде. Мердігер мекеме жуырда қолданысқа беру жоспарлап отыр. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылады.
Алаңша тұрғындар серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылуда. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген.
Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі.
Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынды.
2021 жылы 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу, 35 спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілді. «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Абай ауданын аралау барысында атқарылған жұмыстарды көріп, жоспарлы құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Биыл аудандағы Республика 34 көпқабатты үй ауласында балалар ойын алаңшасы салынуда. Алаңша құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер мекеме нысанды 1 ай көлемінде ел игілігіне тапсыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.