Шымкенттің соңғы 4 жылдағы даму динамикасы жоғары

Шымкенттің соңғы 4 жылдағы даму динамикасы жоғары

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысын баяндады.

Әкім соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскенін айтты.

«Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд. теңгеден 573,7 млрд. теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей»,-деді М.Әйтенов.

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, былғары және оған жататын өнімдер өндіретін кәсіпорындар көп. Атап айтсақ, «AZALA Textile» ЖШС, «Арайлы» ЖШС, «Жібек.Н.М.» ЖШС, «Гаухар» тігін фабрикасы ЖШС, «АГФ Групп» өндірістік компаниясы» ЖШС, «ALATEX» ЖШС, «Жаңаталап-МТ» ЖШС, «KAZPLAST» ЖШС, «Шабитекс» ЖШС, «AZALA Cotton» ЖШС, «Әлем-БТ» ЖШС, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Назар текстиль» сынды кәсіпорындар қарқынды жұмыс жүргізуде.

Ал, тоқыма өнеркәсібін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық мақтаны тұтыну үлесін ұлғайту және қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімін шығару үшін 200 гектарға «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеуде. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 86,1 млрд.теңге болатын 44 жобадан тұрады. Бүгінгі таңда 22 жоба іске асырылып, 32,6 млрд.теңге сомасына инвестиция тартылып, 2 282 жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...