Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
«Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді»,-деді әкім.
Бұдан бөлек, ел Презииденті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында тағы да бір «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118,9 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тағы бір жаңа кәсіпорын ашылмақ. Өткен аптадағы инвестициялық штабта жаңа жоба таныстырылып, негізгі мәселелері талқыланды.
«Тараз-INTERSERCO» ЖШС ақ киім шығаруды қолға алды. Ол үшін арнайы аймақтан 1 гектар жер берілді. Инвестициялық жобаның құны - 400 млн теңге. Жылына 150 мың аяқ киім тігуді жоспарлап отыр. Шығарылған өнім толығымен ішкі нарықты қамтитын болады.
Кәсіпорын іске қосылған сәтте 60 адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан барлық қажетті құрал-жабдықтар алынған. Вьетнамдық кәсіпкерлермен серіктестік орнату, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Штабта жер мен инфрақұрылым, экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлекеттік қолдау көрсетілетін болып шешім қабылданды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.