Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.
«Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі, - деді М.Әйтенов.
Шымкент қаласында биылғы жылы 12 714 орынға арналған 24 мектеп пайдалануға тапсырылады. Оның ішінде 19 жаңа мектеп қыркүйек айында оқушыларға есігін ашады. Бұл туралы бүгін жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг кезінде білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева мәлім етті.
Спикердің айтуынша, пайдалануға берілетін білім мекемелерінің төртеуі мемлекеттік, 19-ы жекеменшік. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елдімекендер 13-тен 11-ге және ыңғайластырылған ғимараттағы мектептер саны 5-тен 4-ке төмендейді екен.
«2021-2025 жылдар аралығында сапалы білім беруге жағдай жасау мақсатында 72 мектеп құрылысы жүргізілетін болады. Ал, күрделі жөндеу 4 нысанда жүргізілуде және 28 мектептің ауласына спорт алаңдары орнатылуда. Қысымдау жұмыстары 258 мемлекеттік білім ұйымдарында 100% аяқталды»,-деді басқарма басшысы.
Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.