Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде.Үстіміздегі жылы 190 нысан немесе 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, қазір қалада 2 жолайрық құрылысы салынып жатыр. Биыл Рысқұлов-Қонаев жолайрығы толық пайдалануға беріледі. Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығының құрылысы басталды, келер жылы аяқталады.
2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады.Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі осы жылы 64,7 пайызға, 2025 жылы 79 пайызға жетеді.
Ал, әуе көлігі жолаушыларына ыңғайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін өседі.
Сондай-ақ, қалада жол инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңа автобустармен толығып, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында мамыр айында өткен тікелей эфир барысында айтты.
«Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік компанияларына қойылатын басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Қазіргі таңда жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады. Шаһарда автобустарды жаңартып, аралық интервалды сақтау, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау талап етілуде. Сонымен бірге, субсидия алатын тасымалдаушыларға да талап күшеюде. Қазір шалғайдағы барлық елдімекендер жаңа автобустармен толық қамтылды. Қазір бәсекенің, нарықтың заманы»,-деді басқарма басшысы.
Мәселен бүгінде қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған «Бек-Сервис» және «MAN Оңтүстік» компанияларымен келісімшарт біржақтама бұзылды. Себебі жолаушылар тарапынан, ауа баптағышы жоқ, интервал сақталмайды, автобус ескі деген мәселелер көтерілген болатын.
Жаңа автобустар кезең-кезеңімен жаңартылып, қалада жаңа аялдамаларды орнату жұмыстары қолға алынған. Қалада 1886 аялдама орны болса, 442-не аялдама жетіспейді. Соның бәрі кезең-кезеңімен ауыстырылады. 2021-2025 жылға арналған даму жоспарына сәйкес, 5 жылда 1050 аялдама қою жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 670 жаңа аялдама қойылды. Бес жылда аялдамаларды жаңарту 83 пайызға жетпек. Жалпы жыл басынан бері басқарма тарапынан қала бойынша 63 аялдама демонтаж жасалып, шалғайдағы елдімекендерге орнатылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.