Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов аумақтағы көп қабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын пысықтап, тиісті нысандарды аралап шықты. Жұмыс барысында аудан әкімі қызмет көрсетуші мекеме басшылары мен қызметкерлеріне, ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жұмысты сапалы орындауды тапсырды.

— Қаратау ауданында 554 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 422 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне, 132-сі автономды жылу жүйесіне қосылған. Аудан әкімдігі «Қуат жылу орталық-3» мекемесімен бірлесіп, 422 үйге сығымдау жұмыстарын жүргізу жоспарын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес, 422 көп қабатты тұрғын үйдің қысқы дайындығы пысықталатын болады. Бүгінге дейін 131 көп қабатты үйде кестеге сәйкес сығымдау жұмыстары жүргізілді, — дейді аудан әкімі Р.Мүлкеманов.

Мамандардың айтуынша, ауданға қарасты көпқабатты тұрғын үйлердегі сығымдау жұмыстарына бірқатар жауапты мекемелер бекітілген. Қазіргі таңда «ОҚО үйлерді басқару» ЖШС-інің — 3, «Қызметкер СК» ЖШС-інің — 3, «Коммунал Сервис КО» ЖШС-інің —1, ЖК «Исабаева» —1, «Алиаскар Бам Групп» ЖШС-інің 1 арнайы жұмыс бригадасы және ЖК «Әділ», ЖК «Адал хаузинг», ЖК «Қазына» мамандары жұмылдырылған.

— Қызмет көрсетуші мекемелер көп қабатты үйлердің жылу жүйесін сығымдау кезінде тік құбырларды 6-7 атмосфералық қысыммен тексеріп жатыр. Ақау анықталған жағдайда жарамсыз бұрандалар ауыстырылып, ысырма жапқыштар майланатын болады. Жылыту маусымына дайын үйлер «Қуат жылу орталық-3» мекемесінің актісімен қабылданады,- дейді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудандағы 6 жылу қазандығының да маусымға дайындығы пысықталып жатыр. Қазандықтар толығымен тексеріліп, ақау анықталған бөліктің қосалқы бөлшектері ауыстырылып, сорғыштар тексеруден өткізілуде.

Айта кетейік, аудан аумағындағы орталық жылу жүйесіне қарасты 422 көп қабатты үйдің дайындық жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...