Ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Қала әкімі аталмыш аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.
М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.
Шымкент қаласында ашылатын төртінші индустриалды аймақ —«Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарланған. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Шымкент қаласы өнеркәсібі — экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. Олай дейтініміз, 2020 жылы Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп өнімдері құрады.
Сонау 1991 жылы қаланың өнеркәсіп орындарымен 9,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 654,2 млрд. теңгеге дейін өскен. Осынау өсімге бүгін біз сөз еткен индустриялды аймақтардың да қомақты үлес қосқаны талассыз.
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тағы бір жаңа кәсіпорын ашылмақ. Өткен аптадағы инвестициялық штабта жаңа жоба таныстырылып, негізгі мәселелері талқыланды.
«Тараз-INTERSERCO» ЖШС ақ киім шығаруды қолға алды. Ол үшін арнайы аймақтан 1 гектар жер берілді. Инвестициялық жобаның құны - 400 млн теңге. Жылына 150 мың аяқ киім тігуді жоспарлап отыр. Шығарылған өнім толығымен ішкі нарықты қамтитын болады.
Кәсіпорын іске қосылған сәтте 60 адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан барлық қажетті құрал-жабдықтар алынған. Вьетнамдық кәсіпкерлермен серіктестік орнату, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.