Шымкент қаласында күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған.
Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.
Қазіргі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда.
Қаратау ауданы аумағында ирригация жүйесінің жалпы ұзындығы 103 шақырымды құрайды. Басты көшелердің бойындағы ирригациялық арықтар мен жол жиектерін тазалау жұмыстарына «Build stroi» ЖШС-ы тарапынан 10 арнайы техника мен 180 адам жұмылдырылған. Аталған жұмыстар күнделікті кестеге сәйкес жүргізіліп, аудан әкімдігінің ұдайы назарында.
Қала тазалығы – бәріміз үшін жауапты міндет. Қала тұрғындарын қызметкерлердің еңбегін бағалауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз.
Тұрғындардың талап-тілегі көшелерге бейнебақылау камераларын орнату ісінде де ескеріледі. Қазіргі кезде қала көшелеріне 2479 камера орнатылған болса, биыл олардың санын қосымша 3740 бірлікке ұлғайту жоспарланған. Тұрғындардың өтініштері бойынша 1500 бейнабақылау камералары көпқабатты тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындарға қойылатын болады. Көлік қозғалысы аса бақылауды қажет ететін жол учаскелеріне 2240 дана бейнебақылау құрылғылары орнатылады.
Айта өтсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.