Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Алтынтөбе елдімекенінде орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорынның бірі «Алан и Компания» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
2018 жылы құрылған кәсіпорын 2020 жылдан бастап қарқынды бау егумен айналысып келеді. Бүгінде мекеме иелігіндегі 45 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау егілген. Оның 39,5 гектарында алма, 2 гектарында шабдалы, 2 гектарында алмұрт және 1,5 гектарында жүзім өсіріледі.
2021 жылы кәсіпорын жеміс-көкөністі қайта өңдеу зауытының құрылысын толығымен аяқтап, осы жылы зауыттың жұмысы толығымен іске қосылды. Инвестиция көлемі 1 200 млн. теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы сағатына 7 тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап (джем), шырын сияқты дайын өнімдер шығарылуда. Сонымен бірге 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.
Ерекше атап өтерлігі, Қазақстанда пектин ұнтағын шығаратын ең алғашқы кәсіпорынның бірі болмақ.
Сонымен қатар, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Кәсіпорын жұмысына қаныққан қала әкімі өнімдердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына аса мән беру қажеттігін айтты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс саласы, құс шаруашылығын дамыту бойынша және әлеуметтік нысандар құрылысы, жалпы 9 жоба таныстырылды.
Атап айтқанда, «РЕТ» ЖШС көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті. Жоба құны – 3,5 млн АҚШ доллары. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.
Жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс және көкөністерді қайта өңдемек. Құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан әкелінеді. Қазіргі уақытта келісімдер жүргізілуде.
Ал «КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС көкөніс сақтау бағытына маманданған. Жоба құны – 500 млн теңге. Алтынтөбе тұрғын алабында құрылыс үшін жер телімі дайын.
Selena Group (Польша) компаниясы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндірісі жобасын ұсынды. Жоба құны – 3 млрд теңге. Жеке кәсіпкер өндірісті 2021-2022 жылдары іске асыруды жоспарлап отыр. Оған қажетті жер телімі – 2 га. Жұлдыз индустриалды аймағынан жер телімін беру көзделуде, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.