Қарамұрт ауылдық округінің мәдениет үйінде «Ауыл – Ел тірегі» аясында онкүндік іс-шара қорытындыланды.
Қорытынды кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев қатысты.
Жиын барысында ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиев онкүндік іс-шара жоспарының орындалуына тоқталды. Өз сөзінде жоспарға енгізілген 28 мәселенің 21-і орындалды. Қалған 7 мәселе бақылауға алынып, алдағы уақытта оның нәтижесі болатынын айтып өтті. Ауыл тұрғындарымен санитарлық тазалық, абаттандыру, кәсіпкерлік ашу, жарықтандыру, каналды тазалау секілді бірқатар жұмыс жүргізілген. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Келесі кезекте аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Мади Нурлыбаев аталған жоба аясында дербес бөлімдер тарапынан атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндады. Атап айтқанда, сауда орындары, дүңгіршектер, жеңіл конструкциялы нысан иелеріне заңсыз құрылыстардың алдын алу мәселесі түсіндірілді. Ауыл округінің кіреберісіне абаттандыру жобасы және ауыл саябағында орналасқан спорт алаңшасының арнайы эскиздік жобалары дайындалып, ұсынылды. 2 көшеге 23 дана электр бағанасы орнатылды. «10 тамыз - Абай күніне» орай, «Абай – дана, Абай – дара» тақырыбында әдеби кеш, сонымен қатар, кіші футболдан жастар мен ересектер арасында аудандық турнир өткізілді. 69 отбасыға мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, "Қамқорлық" бағдарламасына тартылған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен көпбалалы отбасылардан шыққан 10 балаға демеушілер тарапынан мектепке қажетті оқу құралдары берілді. Мұнан бөлек, бөлім басшылары салаларына қатыстылығына қарай тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, бақылауларына алды.
Әкім орынбасары Шухратулла Азатуллаұлы ауылдың дамуы және халықтың жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Кездесу соңында ауыл биі онкүндік іс-шара кезінде белсенділік танытқан басшылар мен тұрғындарға өзінің ризашылығын жеткізіп, сәттілік тіледі.