Бүгін «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбы аясында білім беру саласы қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі өтті.
Тамыз кеңесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды.
Кеңеске аудан әкімі Уласбек Садибеков, «AMANAT» Сайрам аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадиров және білім саласының қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада ең алдымен ауданның білім саласында 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик көрсетілді.
Жиында аудан басшысы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, алғысын айтып, білім саласындағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарына тоқталды.
Өз сөзінде: «Сіздерді басталғалы тұрған 2022-2023 жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Бүгінгі тамыз конференциясында аудандағы білім саласы бойынша өткен жылды қорытындылай келе, жаңа оқу жылын пысықтап алуымыз қажет. Нақтылап айтқанда, жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттері айқындайтын боламыз. Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет, күрделі жұмыс. Сондықтан, білі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Осы ұлы міндет қашаннан да үлкен еңбек пен жауапкершіліктен тұрады. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің міндетіне айналған. Ал, өз кезегінде болашаққа жол сілтейтін, ұлт тәрбиелейтін мұғалімнің еңбегі лайықты бағалануы тиіс».
Келесі кезекте адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Арап 2021-2022 оқу жылының қорытындысын және жаңа оқу жылына қойылатын негізгі міндеттерін кеңінен баяндады.
Аталмыш конференцияға педагогика ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университеттің физика-математика факультетінің деканы Ибашова Альмира Байдабекқызы, Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы «Инновация және стратегиялық жоспарлау» кафедрасының меңгерушісі Панова Айгүл Нәбижанқызы, «BilimKids» жобасының басшысы Шардарбеков Назымбек арнайы қатысты. Спикерлер Германия елінің білім саласының іс-тәжірибесін оқу үрдісінде тиімді пайдалану, Түркістан облысы білім беру ұйымдарында «Білімді ұлт сапалы білім беру» бағдарламасын іске асыру мәселелері, Bilim қосымшасы және BilimKids платформасы тақырыптарында жалпы білім саласын жетілдіру бағытындағы енгізілген жаңашылдықтары мен тәжірибелерімен жергілікті білім саласының қызметкерлерімен бөлісті.
Тамыз конференциясында аудандағы білім саласына қатысты бірқатар мәселе пысықталды.
Іс-шара соңында аудан әкімі жыл қорытындысымен 13 үздік педагогқа түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады.
Марапаттау рәсімінен кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпазы "Атамекен" патриоттық әнін шырқады.