Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге COVID-19 індетіне қарсы әлемдегі вакцинаның ең бірінші тіркелуіне орай құттықтап, жеделхат жолдады.
«Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сондай-ақ Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде, гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз», – деп жазды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің аталған бағыттағы тиімді ықпалдастығы туралы да айтты.
«Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, 11 тамызда РФ президенті Владимир Путин үкімет мүшелерімен жиында Ресейде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әлемде алғашқы болып тіркелгенін мәлімдеді.