Бүгін Ленгір қаласындағы №4 жалпы орта мектеп ауласында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті. Акцияға қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров аз қамтылған және көп балалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп отырған оқушыларға қолдау көрсетіп, іс-шараның мақсатын түсіндіріп, демеушілерге алғыс айтты.
Биыл он төртінші рет ұйымдастырылып отырған акция барысында мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Акцияның өтуіне аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мұрындық болды.
Жалпы, 1 тамыз бен 30 қыркүйек күндері өтетін іс-шараға аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсетуді ойлаған ауданның кез-келген түрғыны қатыса алады. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Мектептің әлеуметтік педогогына жолығып қиын өмірлік жағдайға тап болған ата-анада көмек сұрай алады.
Аудан бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін 3234 оқушының 2045-іне Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес қаржылай қолдау көрсетілсе, қалған 1189 оқушыға «Мектепке жол» аясында демеушілер есебінен көмек беріледі.