Алматы облысының бас санитарлық дәрігеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде шенеуніктің Талдықорған кәсіпкерлерімен кездескен видеосы тарап кеткен. Қала тұрғындары бас санитарлық дәрігердің өзін орынсыз, дөрекі ұстағанына шағымданды. Осылайша, Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов осы қызметіндегі алғашқы жұмыс күнінде көзге түсті.
«Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов Талдықорғандағы жергілікті базар кәсіпкерлерімен кездесу кезінде қала тұрғындарына дөрекі сөйлеген, интернет пен БАҚ-та жарияланған бейнені зерттеді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы азаматтардың наразылығын түсінеді және мұндай мінез-құлық мемлекеттік қызметші үшін қолайсыз деп санайды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Алматы облысының бас дәрігеріне қатысты қызметтік тергеуді бастауды тапсырды», - делінген хабарламада.
Бағдат Қожахметов талқылау жалғасып жатқанын, оның нәтижелері туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медиа орталығы жұртшылықты ведомствоның ресми сайтында және әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда хабардар ететінін айтты.