Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті тамыз айындағы бірыңғай қабылдауын өткізді. Қабылдауға 250-ден аса азамат келген болса, соның 170-ке жуығы қала әкіміне өтініштерін білдірсе, қалғаны басқарма мен аудан әкімдіктері деңгейінде қаралды. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері, заңсыз құрылыс жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.
«Түркістан» сарайында өткен біріңғай қабылдауда шахар басшысымен қатар қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері, аумақтық департамент басшылары да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады.
Жер телімін заңдастыру, тұрғын үй беру туралы өтініштер тек заңға сәйкес шешілетінін айтылып, мемлекеттік қордан пәтерлер кезек арқылы арнайы электронды жүйеде жүзеге асатыны түсіндірілді.
Келушілер арасында әлеуметтік дүкен ашу, қонақ үймен қатар емхана салуға инвестор болу, суреттерінің жобасымен таныстыру, Бас жоспарға қатысты өзгерістер ендіру, қаланың өркендеуіне қатысты идеяларымен бөлісіп келгендер де болды.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шымкентте «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» өтуде. Шара аясында қала әкімі М.Әйтенов, қала әкімі орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері, сонымен бірге полиция және прокуратура өкілдері азаматтарды қабылдауда. Ашық есік күні кешке дейін жалғасады.
Шымкент қаласы әкімінің тұрғындарды бірыңғай қабылдауы әр айдың бірінші сәрсенбі күні өтуде.
М.Әйтенов әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, қала тіршілігіне бейжай қарамайтын белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.