Қытай Халық Республикасына ет өнімдерінің экспортын кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындарын тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Әдетте, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚХР Бас кеден басқармасының тізіміне енгізер алдында қытайлық мамандар кәсіпорындардың экспорттаушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру үшін өз бетінше көшпелі инспекциялар жүргізеді. Алайда, COVID-19 пандемиясына байланысты мұндай сапарларды жүзеге асыруда қиындықтар туындады, сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіпорындарды қазақстандық мамандардың күшімен тексеруді ұсынды.
Тексерудің маңыздылығы мен жауапкершілігі жоғары болғандықтан, министрлік мамандардың озық тобын жасақтады. Оның құрамына ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің, аумақтық инспекциялардың, сондай-ақ, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК өкілдері енгізілді.
Мамандар тобы өз жұмысын Ақмола облысындағы «KazBeef» компаниясын тексеруден бастады.
Тексеру парағында көрсетілген талаптарға сәйкестігін бағалау барысында қазақстандық мамандар анықталған кемшіліктерді жою бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бұдан басқа, олар қазақстандық кәсіпорындар мен олардың өнімдері импорттаушы тараптың талаптарына сай болуы үшін өндірісті жақсарту бойынша ұсыныстар дайындайды.
ҚР АШМ фото және бейне материалдармен бірге, инспекция туралы есептерді ҚХР Мемлекеттік техникалық университетіне жібереді, ал егер қосымша сұрақтар туындаса, мамандарды қосымша онлайн тексеруге кәсіпорынға жібереді.
Биылғы маусым айында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚХР Мемлекеттік техникалық университетіне салалық қауымдастықтардан алынған 34 қазақстандық кәсіпорынның жаңартылған тізімін жіберді (30 ет өңдеу және 4 шошқа шаруашылығы). Кәсіпорындарды Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік техникалық университетінің тізіміне тіркеу үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтініштер жіберілді.