ШЫМКЕНТТІКТЕР А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

ШЫМКЕНТТІКТЕР А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті. Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиылғандар алдымен А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мұрат Әйтенов өзінің құттықтау сөзінде қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
- Бүгін ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын - Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын!- деді.
Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз. Әуелгіде көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан ауыл іргесіндегі мектептен сауат ашып, талапты бала табиғи зеректігінің арқасында оқуын орыс-қазақ училищесінде, одан Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. Алғаш ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаздық етті. Бос кездерде көп ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысты. Сөйтіп жүріп ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел-атағы жайылып, таныла бастайды. Тынымсыз ізденудің нәтижесінде ана тіліне деген құштарлығы мен құрметі артып, қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алып, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Араб әліпбиін оңайлата отырып төте жазуды құрды. Бұл тарихта «Байтұрсынұлы жазуы» боп таңбаланды. Сөйтіп, жан-жақты жүйеленген «Тіл құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби», «Тіл жұмсар» сынды оқулықтар дайындап, баспадан кітап етіп шығарды.
Ахмет Байтұрсынұлы тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер болса, қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап көрсетуде де сондай кемеңгер бірден бір ғалым. Тіл мен әдебиет ғылымын бірін-бірінен бөле-жара қарамады. Ахаңның әдебиеттегі жүйелі зерттеу еңбегі – «Әдебиет танытқыш». Бұл еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымының ары қарайғы дамуына зор бағыт болды.
Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.
Шымкентте өткен жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен Орталық саябаққа орнатылды. Одан бөлек қалада Ахмет Байтұрсынов атында көше, мектеп, ескерткіш бар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында жеті ФАП, төрт дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт...