Шаһарымыздың қыс мезгіліне дайындығы бойынша қала басшысы бүгін "ОНС-Моторная" сорғы станциясына барды.
Ондағы жөндеу жұмыстары барысымен танысып, тиісті сала мамандарымен дайындық жұмыстарын талқылады.
Шымкент қаласының "Оңтүстік" бөлігінің тұтынушыларын "ТЭЦ-3" жылу қуатымен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 836 көпқабатты тұрғын үй, 51 білім, 8 денсаулық сақтау, 4 құқық қорғау органдарының нысаны бар.
"ОНС-Моторная" сорғы станциясы 2007 жылы қолданысқа берілген. 2 дана Д-1250-125YXЛ 3,1 маркалы және 3 дана СЭ-2500-180-10 электрсорғылары орнатылған.
Күрделі құрылғылардан құралған нысанның жылыту маусымына 100% дайындығының маңыздылығына тоқталған шаһар басшысы, сала мамандарының өз жұмысына деген жауапкершілігіне сенім білдірді.
Қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген.
Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар.
Мамандардың айтуынша, ауданға қарасты көпқабатты тұрғын үйлердегі сығымдау жұмыстарына бірқатар жауапты мекемелер бекітілген. Қазіргі таңда «ОҚО үйлерді басқару» ЖШС-інің — 3, «Қызметкер СК» ЖШС-інің — 3, «Коммунал Сервис КО» ЖШС-інің —1, ЖК «Исабаева» —1, «Алиаскар Бам Групп» ЖШС-інің 1 арнайы жұмыс бригадасы және ЖК «Әділ», ЖК «Адал хаузинг», ЖК «Қазына» мамандары жұмылдырылған.
Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.