Бүгін Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 242 525 оқушымен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен Білім күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Барша білім алушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиында ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шеруі болды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шымкентте жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде 45 мектеп бір ауысымды, 173 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп алты күндік оқумен қамтылады.
Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясы білім күніне орай алғашқы қоңырау соғылып, мерекелік жиын өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
–Болашағынан зор үміт күткен кез келген мемлекет әуелі бала тәрбиесі мен білім саласына аса мән береді. Соңғы жылдары білім саласында үлкен реформалар жүзеге асырылып, қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді. 2018 жылы Шымкент қаласының экономикалық бюджеті 146 млрд. теңге болса, ал қазір қаладағы білім саласының өзіне 176 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл – елімізде өскелең ұрпақтың болашағына үміт артқанының айғағы. Қаламызда 223 мектепте 242 мыңнан астам бала жаңа оқу жылын бастап отыр. Оның ішінде 28 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа қабылданды. Бүгін мектепке тарыдай боп кірген бүлдіршіндердің таудай болып шығуына тілектеспін, -деді Б.Нарымбетов.
Аталған білім ұйымы 2021-2022 оқу жылын олжалы аяқтап отыр. Мектепте 10 түлек «Алтын белгі», 26 оқушы үздік аттестат иесі атанса, 93 түлек мемлекеттік грант иегері атаныпты. 17 оқушы халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадада жүлделі орыннан көрінсе, 10 шәкірт әлемнің үздік университеттерінен грант жеңіп алған.
«Шымкент жастар лигасы»сайысында оқушылар футболдан І –орыннан көрініп, мектеп қоржынын 20 миллион теңгемен толықтырды. Одан бөлек, шахматтан ІІ орын, баскетбол жарысында ІІІ-орын алған.
Биыл осы мектепте 261 оқушы 1 сыныпқа қабылданып, 10 сынып жасақталған. Орын тапшылығын болдырмау үшін мектеп жанынан 600 орынға лайықталған қосымша оқу ғимараты салынуда.