Еңбекші ауданында 313 200-ден астам халық тұрады. Аудан бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге өскен.
Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді.
Негізгі қаржы көзі - ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері боп табылады.
Қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары бар. Ал жаңадан салынып жатқан “Жұлдыз” экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланғанын жеткізді. “Осының нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны ашылатын болады”-деді Д. Есілбек.
Үш ауысымдық мектептер саны азайды. Биыл бесеуінде мәселе шешіліп, төртеуі қалды. Бүгінде 242 525 оқушы 203 мемлекеттік мектепте білім алады. Биылдың өзінде 33 білім ошағы падалануға берілді.
Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді айтқан шаһар басшысы жиынға қатысқан 300 ден аса тұрғынның 42 сұрағына жауап беріп, әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді.
Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.
Өз кезегінде аудан әкімі Есбол Досбол Еңбекшідегі 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын, аулалар мен саябақтарды абаттандыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстары мен көрсеткіштерін жайлы баяндады.
Айтып өтейік, жиынға халықпен қоса қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есепті кездесу әдеттегідей Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Шым шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қалаға шалғай орналасқан елді мекендердің жаңадан орнатылып жатқан ирригациялық жүйелерінің құрылыс барысын тексеріп, тұрғындармен кездескен еді.
Соның бірі - Еңбекші аудан аумағына қарайтын Маятас тұрғын алабы. Қазіргі таңда Қ.Нысанбайұлы көшесі бойына ирригациялық науалар орнатылуда.
Жалпы Еңбекші ауданы бойынша Тоғыс, Маятас, Бадам-1 тұрғын алаптары мен Шаңырақ шағын ауданында 1,6 шқ құрайтын арықтар қазылуда. Екі ай бұрын басталған жұмыс қазан айында аяқталады.
ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ БЮДЖЕТІ 5 ЖЫЛДА 11 ЕСЕ ӨСТІ
