«Наурыз Шымкенттен басталады» кешенді жоспары аясындағы іс-шаралар желісі бүгін Шежіре күнімен жалғасты. Шымкенттіктер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы атаулы күнде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл тарихты тірілткен мерекелік іс шараларды тамашалауда.
Мәдениет мекемелерінің қызметкерлері шежірелі тарихымыздан сыр шерткен Әл-Фараби бабамыздан бастап, шығыстың шайырлары, Абылайханның дәуірін, Домалақ ана, Қыз Жібек және ұлттық киімдегі ходулистер, қыз көші көріністерін қойды. "Арбат” алаңы арқылы «Қиял әлеміне» беттейтін көш халық өмірінің тарихи эпизодтарына құрылған. Сахналық көріністер домбыра-сырнай әуенімен әсерлі өрбуде. Көш арнайы белгімен кері қайтып, күн бойына бірнеше рет көрсетіледі.
Шежіремізді тарқатып, түп-тамырымызды тануға сеп болатын мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады.
Ежелгі заманнан бері қазақтар өз өткеніне құрметпен қарайтын болған. Сондықтан бала кезінен Жеті ата туралы білімді бойына дарытқан. Халық "Жеті атасын білмеген жетесіз" дейді. Өзін-өзі құрметтейтін әрбір қазақ өзінің шыққан тегін білуге және өз ұрпақтарына жеткізуге міндетті.
Ертеде қазақ шежіресі ата-бабалардың тізімін ғана емес, мінез-құлық ерекшеліктерін, өмірбаянын, тұрғылықты жерін, халық өміріне қатысуын білуді де қамтыған. Бұрындары шежіре атадан балаға ауызша жеткізіліп отырған.
Бұл күні жұртшылық мал сойып, шелпек пісіріп, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, көңіл айтып, дастарханынан дәм татады.
Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Сонымен қатар, бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы айтылып, шежіресі таратылады.