Жергілікті агрокәсіпорын өнімдері Доха қаласында өтіп жатқан «Агротех Катар-2023» халықаралық көрмесіне қойылды. Наурыздың 19-на дейін жалғасатын халықаралық шараға әлемнің 52 елінен делегациялар шақырылған. Шымкент тауарларына арнайы бөлінген «Ontustik onim» павильонында ет, сүт, ұн өнімдерімен қатар, сусындар, консервілер, көкөністер мен жеміс-жидектер саудалануда. Шетелдіктер әсіресе, бал, джем, сыр өнімдеріне қызығушылық танытып, жаппай сатып алуда.
Шымкенттік делегация шет мемлекеттермен әріптестік байланысты нығайту, қаланың экспорттық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында мегаполистің агро саласындағы мүмкіндіктерін таныстыруда.
Еске салар болсақ, 2022 жылы Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өткен болатын. Индустрияландыру саласының басты өнеркәсіптік көрмесі шілде айының 4-7 аралығында өткен еді.
Қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты.
Елімізден барған компаниялардың ішінде Шымкент қаласынан «Бал Текстиль» ЖШС, «ЭКОФАРМ Интернэшнл» «Mega SMART» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «ЕвроКристалл» ЖШС, «Marai E7 Group» ЖШС, «QazAlPack» ЖШС, «LUX SHOES», «AGF Group» ЖШС, «Р.A.M.-1» ЖШС, «Заря» ЖК сынды 11 компания қатысып, өз өнімдерін ұсынған.
Сондай-ақ, алдыңғы жылы “AgriTek Shymkent’2022” ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, онда қаламыздың әкімі Мұрат Әйтенов қатысқан еді. Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис - еліміздегі ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақтардың бірі. Мұны ескерген шаһар басшысы егіс егіп, өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру қажеттігін де қаперге ілді.