Премьер-министр Ә. Смайыловтың қатысуымен Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасының орындалуы мен отандық фармацевтикалық өндіріс барысы талқыланды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отандық өндіріс үлесін 2029 жылға қарай 50% - ға жеткізу бойынша қойылған Президент тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасын таныстырды.
Айта кетейік, Шымкенттің фармацевтикалық кәсіпорындары былтырғы жылы 58 млрд. теңгенің препаратын өндірді. Бүгінде елімізде шығарылатын дәрілік заттардың жалпы көлеміндегі мегаполис үлесі – 35,7%-ды құрайды. 6 міндет пен 39 іс-шараны іске асыруды қамтитын Жол картасын орындау мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Еске саларлық, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Мерзімі шектеусіз келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту қызметтерін алуға, ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ортақ келісімнің нәтижесінде жергілікті медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Медициналық орталықтың қызметі туралы баяндама жасалып, бейнеролик көрсетілді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Медициналық орталықтың бастамасын қолдап, меморандумның алдағы уақытта мегаполис медицинасының дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Төрт күн бойы қаладағы ірі медициналық орталықтарда күрделі оталарды жүзеге асырып, науқастарды қабылдаған делегация өкілдері жергілікті емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын, мамандардың біліктіліктерін жоғары бағалады. Шымкенттің денсаулық сақтау жүйесі республикалық деңгейге сәйкес дамып келеді. Қазіргі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 45 емхана қызмет етеді. Былтырғы жылы қалада өлім-жітім 35, нәрестелер өлім-жітімі 21 пайызға азайған. Қалада қан айналым ауруларынан және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім жағдайлары да едәуір төмендеген.