Шымкенттегі Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар бүгін Астана алаңында өткен «Шырқа, Наурыз» гала концертімен қорытылды. Халықтың сүйіктісіне айналған сахна саңлақтары - Жанболат мен Жазира, Мелдір Әуелбекова, Әлия Әбікен мен Қанат Үмбетов, Райм мен Ерке Есмахан бастаған эстрада жұлдыздары ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Наурыз шашуы ретінде ұсынылған концерттік бағдарламаны көруге келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Көктем лебін жеткізген әуелеген әндер шеруін тұрғындар ашық аспан астында үш сағат бойы тікеден тік тұрып тамашалады. Мерекелік кеш «Хабар» арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Үш күн бойы жаңа Ипподром аумағындағы «Қалашым» алаңында өтіп жатқан «ҰЛЫ ҚАЗАҚ ОЙЫНДАРЫ» этнофестивалін тамашалауға бүгін де халық көп жиналды. Жұртшылық театрландырылған жылқы шоуын тамашалап, рухани шабыт алды. Бәйге алаңына еліміздің әр аймағынан жиналған, арнайы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Маңғолия мемлекеттерінен келген ат құлағында ойнайтын алғырлар көкпардың көркін қыздыруда.
Жаңа Ипподромда өткен «Ұлы дала ойындары» этнофестивалі аясындағы көкпар жарысына еліміздің әр аймағынан сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Маңғолия мемлекеттерінен спортшылар қатысты.
Үш күнге созылған аламан бәйгеде Жамбыл облысының «Әулие ата» ұлттық құрама командасы 1-орын, Қырғызстан командасы 2-орынды иеленді. Халықаралық жарыста Шымкент қаласының құрама командасы жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Қашанда Наурыз шырайлы Шымкенттен басталады. Олай болуы заңды да. Жері шуақты, елі берекелі бұл өңір – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ордасы.
Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болды.