Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас-1 елді мекеніндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, ондағы жұмыстармен танысты. Қазір мұнда 300 мың тонна қалдық топырақпен көмілді. Екінші қабатты жабуға 100-ге жуық адам, 20 техника жұмылдырылып отыр. Бұл жұмыстар 20 сәуірде толық аяқталады.
«Құрылыс қалдықтарына арналған қоқыс алаңшасын мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіңіздер. Қалдықтарды сұрыптайтын, өртейтін кешендер салатын инвесторларды тарту қажет» - деді қала басшысы.
Қоқыс толығымен көмілген соң аумаққа 2000 түп ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Еске саларлық, «Наурыз –тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық мерекесі» кешенді іс шарасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке 1 мыңнан астам тұрғын қатысып, қала тазалығына атсалысқан болатын.
Олардың арасында қаладағы 37 мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, студент жастар бар. Көпқабатты үйлердің тұрғындары да бүгін аулаларын тазартып, тал-дарақтарды әктеп, қаланы көріктендіруге үлес қосты.
Жалпықалалық сенбілікке қатысқан көпшілік аумақтарды абаттандырып, саябақтар мен гүлзарларды, тратуарларды қоқыстан тазартты. Жұмылдырылған 80 техниканың көмегімен барлығы 200 текше метр қоқыс қала сыртына шығарылды.
Сонымен қатар, қалада жарықтандырылған көшелердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. 2020 жылы мегаполистегі орталық маңызы бар 747 көшенің 220-сына ғана жарық жүйелері тартылған болатын.
Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында 2021-2023 жылдар аралығында 312 көшені жарықтандыру жоспарланып, бұл бағытта тиісті келісім шарттар жасалды.
Жоспарға сай жыл соңына дейін қалада 104 көшені жарық жүйелеріне қосу жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Қорытындысында жарықтандырылған көшелер санын 532-ге, яғни 70 пайызға жеткізу көзделуде.