Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру мақсатында арнайы жиын өткізді. Құрылыс, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармалары мен мердігерлердің қатысуымен өткен басқосуда қала аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны жақсартып, жұмыстарды өндірістік кестеге сай аяқтауды тапсырды. Бұл ретте мердігерлердің жауапкершілігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ қала әкімі мердігерлерге қолданысқа берілген тұрғын үйлердің ақауларын тез арада қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. Басқарма басшыларына әрбір нысанды қабылдауда тиісті талаптардың сақталғанын қатаң қадағалап, сапассыздыққа жол бермеу қажеттігін ескертті.
Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 591 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісім шарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды.
Субсидия - мемлекет тарапынан төленетін тұрғын үй кезегін күткен азаматтардың жалдамалы пәтерлері арендалық құнының 50 пайыздық ақысы. Бағдарлама талаптарына сәйкес бұл жеңілдікке пәтер кезегіндегі 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар өтініш бере алады.
Өтініш берушінің отбасыдағы соңғы 6 айдағы табысы адам басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен(яғни 1 КМ=40 567 теңгеден) аспауы тиіс.
Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтары бойынша Отбасы банк кеңесшілеріне жүгіне алады.
Биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ түгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматтың өтінім беру мүмкіндігі бар.
Былтыр Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 1276 азамат несиелік баспанаға қол жеткізген болатын.