ҚАЛА ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДЫ ТАПСЫРДЫ

ҚАЛА ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Инвесторлар денсаулық сақтау, құрылыс салалары мен жеңіл өнеркәсіп пен сауда-саттықты дамытуға бағытталған 10 жобаны таныстырды. Басқосуда инвестициялардың орындалу барысы пысықталып, жаңа жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланды.
Қала басшысы жауаптыларға жер телімдерін бөлу, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте бюрократиялық кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайдың жасалуын қадағалауды ескертті.
Бүгінде қалада өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 800-ден астам кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Оның ішінде 700-ге жуығы өңдеу өнеркәсібіне жатады. Бұл салада 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.
Еске салар болсақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың алдыңғы отырысында өңірлік брендті дамытуда маңызды жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалуы және алдағы жоспарлар баяндалды.
Инвесторлар тарапынан жеңіл және тамақ өнеркәсібін, ауылшаруашылығын дамытуға қатысты сонымен қатар әлеуметтік нысандар салуға бағытталған жобалар таныстырылды. Жергілікті кәсіпкерлер әкімдіктің қолдауымен өндірісті кеңейтуге мүмкіндіктері бар екендерін жеткізді.
Қала басшысы инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтып, индустриалды аймақтардан жер бөліп, инфрақұрылым мәселелерін шешуге сондай-ақ жеңілдетілген салықтық төлемдер бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұл бағытта тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ