Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аграрлардың жағдайымен танысып, ауыл шаруашылығындағы кластерлі жобаларды қадағалады.
Бадам тұрғын алабының шаруалары 6,5 гектар алқапқа құлпынай өсіруде. Өнім көлемін арттыру үшін бүгінде шаруалар бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Алдағы уақытта егістікті 30 гектарға арттыруды көздеп отыр.
Маусымдық жұмысқа кіріскен шаруалардың жағдайымен танысқан қала әкімі жауаптыларға тауарларды тікелей тұтынушыларға жеткізуді қамтамасыз ету үшін алқап маңындағы жол жиегінен көшпелі сауда орындарын ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Сайрам тұрғын алабында орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін «Дары Сайрама» ЖШС-де болды. Бүгінде кәсіпорынның 5 гектарлық алқабында жүзім өсіріледі. Қазіргі таңда мұнда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 7 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап, шырынның түр-түрін өндіреді.
Қала әкімі жауаптыларға кластерлік жобаларға басымдық беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Кәсіпкерлердің қатысуымен өткен жиында мегаполистің агросаласын дамытуда маңызы зор ілкімді жобалармен қатар саланың экспорттық әлеуетін арттыру жолдары қарастырылды.
«Қазір мегаполистің агломерациялық дамуына байланысты қалада агроөнімдер өндіретін кәсіпорындар қатарын арттыруға күш салуымыз керек. Кәсіпкерлерді ынталандыру үшін тиісті жұмыстарды жүйелі ұйымдастырыңыздар. Кластерлі жобаларды ғылыми сүйемелдеу мәселесіне де назар аудару қажет» - деді қала әкімі.
Бүгінде жүзеге асырылып отырған жобалар қалада бау-бақша өнімдерін көбейтіп қана қоймай, ет, сүт кластерін дамытуға да мүмкіндік беруде. Қала басшысы жауаптыларға ауылшаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуде, экпорт көлемін арттыруда нақты тапсырмалар жүктеді.