Бүгін Шымкентте Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет көрсететін “Қамқорлық” орталығы іске қосылды.
Жаңа орталықтың ашылуына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице–министрі Ербол Оспанов, қала әкімі Мұрат Әйтенов және «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жамишев пен "Самұрық-Қазына"АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» Корпоративтік қорының өкілдері қатысты. Орталықтың ашылуына арналған жиында қала әкімі арнайы сөз сөйлеп, ерекше балаларды оңалтуда мекеменің маңыздылығына тоқталды.
«Бұл орталықта аутизм дертіне шалдыққан балаларға заманауи әдістер бойынша оңалту, өмірге бейімдеу шаралары жүргізіледі. Ғимарат «Қамқорлық» қоры ұсынған «Бренд бук» үлгісі негізінде экологиялық таза құрылыс материалдарымен жабдықталған.
Мұның барлығы біздің ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың денсаулығын жақсарту үшін жасалып отырған игі шаралар» - деді қала әкімі.
Орталық жұмысымен танысқан қонақтар балалардың ата-аналарымен тілдесіп, пікірлерін тыңдады.
Орталық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен орталыққа жалпы құны ғимаратты толық жабдықтау үшін 280 млн.теңге инвестиция жұмсалып, қажетті жабдықтар Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізілген. Қосымша 164, 6 млн.теңге бөлініп, мамандар арнайы оқытылған.
Мұнда балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық бөлме, сенсорлық интеграциялық бөлмелер, робототехника лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. Сыйымдылығы 110 балаға лайықталған орталықта қазір 40-қа жуық бала ем алуда.