ЕРТЕ АРАЛАСУ БӨЛІМШЕСІ МҮГЕДЕКТІКТІ АЗАЙТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

ЕРТЕ АРАЛАСУ БӨЛІМШЕСІ МҮГЕДЕКТІКТІ АЗАЙТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Шымкенттегі күрделі жөндеуден өткен №2 оңалту орталығынан бүгін «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. «Қазақстан халқына», «Қамқорлық», «Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қорлары арасындағы меморандум аясында ашылған бөлімшеде неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов орталықтың ашылуына арналған жиынға қатысып, сөз сөйледі.
«Бұл қаламыз үшін инновациялық орталық болып табылады. Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балаларымызды белсенді өмірге бейімдеп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуге ықпал ету.
Мамандар әр баланың ауру тарихын ескере отырып, жеке бағдарлама аясында емдеу жүргізеді. Балаларға жағдай жасау, қамқорлық көрсету – азаматтық борышымыз» - деді қала әкімі.
Мұнда нейро-ортопедиялық ауруларға, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға заманауи әдістемелерге негізделген оңалту қызметтері көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жабдықталған жаттығу залдары және Механотерапия, Эрготерапия залдары қарастырылған.
Бөлімше оңалтуды қажет ететін балаларды тиісті ем-шаралармен қамту көрсеткішін арттыра отырып, мүгедектікті барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Еске салар болсақ, Өзбекстанның мамандандырылған терапия және оңалту ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының мамандары жергілікті оңалту орталықтарының жұмыстарымен танысып, екі жақты меморандумға қол қойған болатын. Ынтымақтастық өзара кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтып қана қоймай, медициналық туризмге жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді. Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ