ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ - ҰЛТЫҢНЫҢ КИІМІ

ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ - ҰЛТЫҢНЫҢ КИІМІ

Халықаралық әйелдер күні мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Шымкент қалалық А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық киім — халық қазынасы» атты іс-шарасы өтті.
Жиында бойжеткендер мен аналарға ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері дәріптелді.
Қазақ халқының қолөнері — ел тарихымен қатар дамып, өркендеп келе жатқан халық қазынасы.
Ал, қолөнердің айшықты бөлігі — ұлттық киімдер. Ұлттық киімдердің тарихы, тігілу техникасы өте ерекше.
— «Ұлттық киім — халық қазынасы» іс-шарасы арқылы қазақтың ұлттық киімдерін өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі жиын «Наурыз Шымкенттен басталады» деген ұғымның дәлелі десем де болады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кітапханада арнайы көркемсурет көрмесі ұйымдастырылса, Ұлыстың ұлы күніне орай ұлттық киімді насихаттап отырмыз. Ұлттық киімдерді дәріптеп, құрметпен қарау және оны күнделікті кию — әрбір өскелең ұрпақтың парызы. Себебі, ұлттық киім қазақ халқының тарихынан, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен, мәдениетінен сыр шертеді, - дейді А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхана әдіскері Раушан Теңлібаева.
Жиынға ҚР Мәдениетінің қайраткері, драматург С.Қасымбек, жеке кәсіпкер, «A.Gulmira collection» брендінің негізін қалаушы Г.Аманжолова, «Аналар» журналының редакторы А.Момбек, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі мен №5 техникалық колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиын барысында «А.Gulmira collection» брендінің ұлттық киімдер топтамасы мен аталмыш колледж студенттерінің жұмысы көрсетілді.
Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...