Бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Авиценна көпсалалы медициналық колледжі жастарына «Нашақорлық және АИТВ/ЖИТС–тің алдын алу» мақсатында кездесу өтті.
Мақсаты - АИТВ/ЖИТС–тің және нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып жастарды спортқа баулу.
Кездесуге Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» алдын алу бөлімінің мұғалімі Жургенбаева Назира, ШЖҚ Психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігер психиатры нарколог Садыкова Майра , Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің тренері Ахатаев Абзал, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Унифайттан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Чимкентбай Куаныш қатысты.
Кездесу барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. Сонымен қатар сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Осыған орай мектептерде есірткіге қатысты түрлі іс-шаралар көптеп өткізілуде. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады.
Жалпы АИТВ/ЖИТС вирусы жұққан адам — вирус тасымалдаушылар, ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан әсіресе вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады.
ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:
-жыныстық қатынас;
-вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда);
-анасынан нәрестеге жұғу арқылы.