14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні қазақ тарихында ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойланылады. Бұл қыстан аман шығып, көкке оралған халқымыздың шүкіршілігін білдіретін мейрам.
Осындай мереке қарсаңында қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-не арнайы келіп, қала жастарын Көрісу күнімен құттықтап, әрбір жанға амандық-саулық, құт-береке тіледі.
«Бата - халық қазынасы. Қашанда үлкендердің батасын алып жүру біз бен сізге міндет. Сол себептен де бірге қарияларымызға барып, амандық сұрасайық» - деп, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-ге келіп, қызмет алушыларымен көрісіп, амандық-саулық сұрасып төс қағысты.
Орталықтың қызмет алушы қарияларымыз өз ризашылығын білдіріп, «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» - деп тілегін жеткізіп, ақ батасын қайырды.
14 Наурыз қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойланатын бұл күнді кей жерлерде «амал» деп те атайды.
Көрісу күні – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен қуаныштың, ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі. Қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Өкпе-реніштері болса кешіріп, араздықты ұмытып, әрбір жанға амандық-саулық, құт-береке тілеп, Жаңа жылды ақ пейілмен бастаған.
Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін наурызкөжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығы ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр.