ШЫМКЕНТТЕ АУДАРЫСПАҚТАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ АУДАРЫСПАҚТАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы атшабарда аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан, жалпы 202 спортшы келген.
Бүгін ел чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Іс-шарада аударыспақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбөриев, Шымкент қаласы ұлттық және ат спорты түрлері клубының директоры Данияр Мыңбаев аталған сайыс алдағы халықаралық жарыстарға іріктеу екенін атап өтті.
Шымкенттегі жаңа атшабарда 9 салмақ бойынша аударыспақтан ел чемпиондары анықталмақ. Олар алдағы Азия чемпионаты және келесі жылы көшпенділер ойындарына қатысады. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты еліміздің барлық аймағында қарқынды дамып жатыр. Биылғы чемпионатқа қатысушылар арасында Азия чемпионаты, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары бар екенін айта кеткен жөн.
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады).
Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке үласып жатуы шарт.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Аударыспақ кәзіргі кезде де шопандар тойында, мерекелерде спорт ойынның бір түрі ретінде көрсетіліп жүр.
ҚР чемпионатына Шымкент қаласынан 22 спортшы жүлделі орындарға таласып көрмек. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық ведомствомен бірлесіп Отбасының цифрлық картасында...