Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы құрылысы бойынша өзекті мәселелері бар нысандарды аралады. Алдымен Сауран ауданындағы Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің жай-күйімен танысты. Аталған білім ұясы 2022 жылы тапсырылған. Конкурстық құны – 1 млрд. 180 млн. теңге. Бірақ бұл мектеп әлі оқушыларды қабылдай алмай отыр. Себебі, абаттандыру және сумен қамту жұмыстары аяқталмаған. Осы мәселеге тоқталған облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысы мен аудан әкіміне кемшілікті мамыр айының соңына дейін жоюды тапсырды.
– Мектептің құрылысына аз қаржы жұмсалмаған. Әдемі мектеп салуға толық жетеді. Бірақ мердігердің жұмысы қадағаланбаған. Абаттандыру жұмысын атқару керек. Сумен қамту жүйесін, ойын алаңшаларын, стадионын ретке келтіріңіздер. Жаттығу құрал-жабдықтары мен спорт алаңы балалар үшін қауіпсіз болуы қажет. Құрылыс басқармасы, аудан әкімдігі, Білім басқармасы осы мәселелерді бірлесе атқарып, мектептің жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы одан кейін Сауран аудандық емханасын аралап, жұмысымен танысты. Денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Алдағы жоспарлар сараланды. Талқылау нәтижесінде ауданға 500 адамды қабылдайтын заманауи емхана қажет екені анықталды. Облыс әкімі бұл мәселені шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімдігіне осы жоба бойынша ұсыныс беру тапсырылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.